Нормативтік құжаттар

Білім стандарттары

 

Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 Қаулысы.

«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 24) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

 

1. Қоса беріліп отырған:

1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

2) орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

2-1) бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

2-2) негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

2-3) жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

3) техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

4) орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

5) жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;

6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілсін.

Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді — ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 327 (01.09.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.05.2016 № 292 (01.09.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

 

2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2013 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының 
Премьер-МинистріК. Мәсімов
 Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 тамыздағы
№ 1080 қаулысымен
бекітілген

Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

Ескерту. Стандарт жаңа редакцияда — ҚР Үкіметінің 13.05.2016 №292 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  1. Жалпы ережелер
  2. Осы техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік білім беруге қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.

      Осы стандартты меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары, оның ішінде әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) және білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер қолданады.

  1. Осы стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

1) базалық құзырет – өзін-өзі және жеке қызметін басқару қабілеттілігі, өзін-өзі ынталандыруға және өзін-өзі ұйымдастыруға бейімділігі;

2) біліктілік – алынған мамандық бойынша қызметтің белгілі бір түрін құзыретті орындауға даярлық деңгейі;

3) оқу жоспарының моделі – техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнының негізгі инварианттық құрылымдық компоненттерін сипаттайтын оқу жоспарын ұсынудың нысаны;

4) модуль – білім беру бағдарламасының тәуелсіз, өзіндік жеткілікті және толық бөлімі немесе оқыту кезеңі;

5) модульдік оқыту – модульдік білім беру бағдарламаларын меңгеру негізінде оқу процесін ұйымдастыру тәсілі;

6) оқытудың нормативтік мерзімі – нақты оқыту нысаны (күндізгі, кешкі, сырттай) бойынша білім беру бағдарламасын меңгеру мерзімі;

7) кәсіптер мен мамандықтардың тізбесі – оқытудың неғұрлым жалпылама параметрлерін (мамандықтың бейіні, кәсіптік біліктілік деңгейі, базалық білім беруге байланысты оқыту мерзімі) айқындайтын кәсіптер мен мамандықтардың жүйеленген тізілімі;

8) білім беру бағдарламасы – оқыту мақсаттарын, нәтижелерін және мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды, оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалаудың өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының бірыңғай кешені;

9) кәсіптік құзырет – білім, іскерлік пен дағдылар, сондай-ақ кәсіптік қызметті тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жеке қасиеттер негізінде маманның кәсіптік міндеттер жиынтығын шешу қабілеттілігі;

10) кәсіптік практика – болашақ кәсіптік қызметпен байланысты белгілі бір жұмыстың түрлерін орындау процесінде теориялық білімдерді, дағдыларды бекітуге, практикалық дағдылар мен құзыреттерді игеруге және дамытуға бағытталған оқу қызметінің түрі;

11) оқу жұмыс жоспары – білім беру ұйымының басшысы бекітетін оқу пәндерінің (модульдерінің) тізбесі мен көлемін, бірізділігін, қарқындылығын және оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысандарын, білім алушының білімі мен іскерлігін бақылауды және кәсіптік даярлығын бағалауды регламенттейтін үлгілік оқу жоспарының негізінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы әзірлейтін құжат;

12) оқу жұмыс бағдарламасы – білім беру ұйымының басшысы бекітетін үлгілік оқу бағдарламасы негізінде оқу жұмыс жоспарының нақты пәні (модулі) үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары әзірлейтін құжат, әскери, арнаулы оқу орындарында жұмыс оқу бағдарламасы силлабус деп аталады;

13) үлгілік оқу жоспары – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандықтар мен біліктіліктерге, оқыту мерзіміне қатысты оқу пәндерінің (модульдерінің) тізбесі мен көлемін белгілейтін, оқу жоспарының моделі негізінде әзірленетін құжат;

14) үлгілік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының нақты пәні (модулі) бойынша меңгерілуге тиіс білім, іскерлік және дағдының мазмұны мен көлемін айқындайтын құжат;

15) цикл – білім берудің бір бағытындағы оқу пәндерінің (модульдерінің) жиынтығы;

16) кредиттік оқыту технологиясы – кредитті білім алушы мен оқытушының оқу жұмысының көлемін сәйкестендірілген өлшеу бірлігі ретінде пайдалана отырып, білім алушылардың пәндерді (модульдерді) таңдауы және өз бетінше жоспарлауы негізіндегі оқыту;

17) дуальді оқыту – кәсіпорынның, оқу орнының және білім алушының жауапкершіліктері тең болған кезде білім беру ұйымындағы оқытуды кәсіпорында білім алушыларға жұмыс орындарын ұсына отырып және өтемақы төлемін төлей отырып оқыту мен практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны;

18) эксперименттік білім беру бағдарламалары – оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізуге, білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге бағытталған бағдарламалар;

19) кәсіптік білім – білім алушылардың белгілі бір салада кәсіптік қызметті жүргізуіне және (немесе) нақты кәсіп немесе мамандық бойынша жұмысты орындауына мүмкіндік беретін білімді, іскерлікті, дағдыларды және құзыреттерді алуына бағытталған білім беру түрі;

20) кәсіптік даярлау – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау бойынша қысқартылған мерзіммен оқытатын білім беру бағдарламаларын іске асыруды көздейтін бөлігі;

21) ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар (балалар) – денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы немесе уақытша қиындық көріп жүрген, арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын қажет ететін адамдар;

22) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін процесс;

23) техникалық және кәсіптік білім беру – білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға бағытталған білім беру;

24) эксперименттік алаң – жаңа педагогикалық технологиялар мен білім берудің жаңа мазмұнын сынақтан өткізуге арналған эксперимент режимінде білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

25) әскери тағылымдама – болашақ кәсіби қызметпен байланысты функционалдық міндеттерді орындау процесінде теориялық білімді, іскерлікті бекітуге, практикалық дағдылар мен құзыреттерді игеруге және дамытуға бағытталған әскери, арнаулы оқу орындарындағы оқу қызметінің түрі;

26) біліктілік сипаттамасы – маманның жеке басына және кәсіби біліктілігіне қойылатын жалпылама талаптарды айқындайтын құжат. Бұл модель кәсіптік даярлықты талап ететін белгілі бір еңбекті орындау бойынша қызметкердің тұлғалық әлеуетінің моделі;

27) базалық модуль – білім алушылардың өзін-өзі және өз қызметін басқаруға, өзін-өзі ынталандыру және өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттілігін игеруге бағытталған білім беру бағдарламасының немесе оқу кезеңінің тәуелсіз, өзіне-өзі жеткілікті және толық тарауы;

28) кәсіби модуль – білім алушылардың құзыреттілік негізінде кәсіби міндеттердің жиынтығын шешу қабілеттілігін игеруге бағытталған білім беру бағдарламасының немесе оқу кезеңінің тәуелсіз, өзіне-өзі жеткілікті және толық тарауы.

Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді — ҚР Үкіметінің 15.08.2017 №484 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  1. «Білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптар» деген бөлімде техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларына, базалық, кәсіптік құзыреттерге және білім беру ұйымдарында білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптар көрсетілген.
  2. «Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар» деген бөлімде техникалық және кәсіптік білімнің беру бағдарламаларының мақсаты, құндылығы, мазмұны, іске асырылуы мен құрылымы және оларды меңгерудің нормативтік мерзімдері айқындалған.
  3. «Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде кешкі және сырттай оқыту нысандары үшін апталық оқу жүктемесі, оқу жылының ұзақтығы, бақылау нысандары, міндетті оқу уақытының көлемі көрсетілген.
  4. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау осы стандартқа, сондай-ақ:

1) оқу-бағдарламалық құжаттамаларға – оқу жоспарының моделіне, үлгілік және оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларына, жеке оқу жоспарларына, сондай-ақ оқу процесін оқу-әдістемелік сүйемелдеу кешеніне;

2) білім беру бағдарламаларына;

3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілерге:

4) ӘАОО ведомстволық бағынысты тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Толығырақ